Ағарту жоспары:

  1. Мақсат қою
  2. Қалың дәптер арнау немесе компьютерде арнайы файл ашу
  3. Суретке түсу
  4. Маскүнемдіктен зардап шегу фактісін анықтау
  5. Аутоанамнез (анкета) жазу
  6. Тәлімгер берген материалдарды толық оқу және берілген тапсырмаларды толық орындау
  7. Күнделік жүргізу

Аталған әрекеттерге түсіндірме:

1. Адамның ойлану қабілетін зерттейтін ғалымдардың айтуы бойынша, адам баласы алдына мақсат қойған кезде ғана, оған жетуі тез іске асырылады. Себебі, адамның бейсанасы (подсознание) өз-өзінен дәлденетін зымыран сияқты, мақсат (нысана) қойсаңыз жеткілікті, шешу жолын бейсана өзі тауып береді.

Осыған байланысты, дәптердің бірінші бетіне мақсатты жазып қою керек және оны күнделікті немесе күнара оқып түру қажет.

Мысалы: 1 (бір) ай, 3 (үш) ай, 6 (алты) ай немесе 1 (бір) жыл ішінде арақ қоямын деп жазсаңыз болады және алкоголь жұтуды тоқтатқаннан кейін пайдалы жақтарын түсіндірме ретінде жазып қойғаныңыз дұрыс (денсаулық, отбасының берекесі және т.с.с. себептер).

Ағарту барысында арақ деген сөзден гөрі, алкоголь деген сөзді көп қолданған дұрыс, себебі алкоголь деген сөзіне құрамында спирті бар өнімдердің бәрі кіреді (арақ, коньяк, виски, вино, шампанское, пиво және т.б. сондай сияқты улы заттар).

2. Алкогольді жеңу үшін, адамның қаруы болу қажет. Сіздің қаруыңыз қалам мен дәптер немесе клавиатура мен Word файлы болады. Аталған қаруды қолдану қиындық тудырмайтынына сенемін. Дәптерде күнделікті жүргізесіз, алкоголь туралы ой-пікірлеріңізді жазасыз және т.б. тапсырмаларды орындайсыз.

3. Өз бетіңмен емделу курсын бастар алдында суретке түскен дұрыс, сосын сау кездегі 10-шы, 30-шы және 100-ші күндері түсу керек. Егер салынып ішкен болсаңыз, емделуді бастар алдында міндетті түрде суретке түсіп алуыңыз керек. Екінші суретті әлсін-әлсін мұқият қарап, алдыңғы суреттегі түріңізбен салыстыру қажет.

Суретіңіздің 1 данасын тәлімгерге жіберсеңіз болады.

4. Әдістің авторы Геннадий Андреевич Шичконың әңгімесінен үзінді.

«Әркім өзіне маскүнемдік диагнозын оп-оңай қойып ала алады. Егер сіз алкоголь қолданатын болсаңыз, өзіңізді ішуге бағдарламаланған адам деп есептеуге болады.

Егер сіздің ішуге әлсін-әлсін ықыласыңыз оянса, оның үстіне ішімдіктен бас тарта отырып, ол туралы ойласаңыз, ашуланшақтық, өзіңізді нашар сезіну байқалса, сізде алкогольге деген қажеттілік бар деген сөз. Өзіңізді алкоголикпін деп есептеңіз. Бұл диагнозды табысты еңбек қызметі, отбасындағы жайлылық, көлікті шебер жүргізу өзгерте алмайды.

Алкоголизмнің басқа да түрлері бар, ол туралы алкогольге қарсы көптеген брошюралар мен мақалаларда айтылады. Мынадай ережені ұстану керек: шын мәніндегі диагнозбен салыстырғанда, жақсысынан гөрі, анағұрлым ауыр диагноз қою керек. Шындыққа тура көзбен қарап, өзіңде маскүнемдік белгілері байқалса, одан құтылудың жолдарын қарастыру қажет. Бұл жолдағы табыс тек өзің үшін ғана емес, барлығы үшін де қуаныштың мәңгілік бастауы болмақ.

Менің есіме түрлі арзан ішімдіктерді қылғытқан және маскүнемдіктің ақ елесін басынан өткерген, тәжірибелі маскүнем болған, шығармашыл қызметкер түсіп отыр. Осыдан сегіз жыл бұрын, ол менің кабинетімнің табалдырығын аттады, содан бері бірде-бір рет ішімдікті аузына алған емес. Оның салауатты өмір салтын ұстануға көшуі, осы уақытқа дейін әйелі, ата-анасы, достары және мен үшін де үлкен қуаныш болып отыр. 

Мен бұл адамды үлкен ерлік жасаған өнегелі батыр ретінде дәріптеп, қолымда болса, үлкен наградаларға ұсынар едім. Олардың өздерінің бұрынғы маскүнемдік жолына қарамастан, көпшілік жоғары бағалайтын мәдениетті түрде ішетіндерден бағасы артық.

Сіз де, құрметті оқырман, осы уақытқа дейін алкогольдің құрбаны болып келсеңіз, енді үлкен моральдық ерлік жасап, сол арқылы өзіңізге, отбасыңызға, достарыңыз бен қоғамға көптеген жақсылық әкеліп, әрі өзіңіздің табанды, батыл, абыройлы азамат екеніңізді дәлелдей аласыз. Жарқын болашаққа деген күресті бастауды келер күннің еншісіне қалдырудың қажеті жоқ».

5. Өз өміріңізді суреттеп жазғанда (аутоанамнез), алғашқы ішкендегі реакцияңыздан бастаңыз. Маскүнемдіктің белең алу процесін толықтай, бүге-шігесіне дейін жазу маңызды: бастан өткен күйзелістер мен ыңғайсыз жағдайлар, отбасының қайғысы, денсаулықтың нашарлауы, материалдық шығындар, т.с.с. мәселелер назардан тыс қалмауы керек.

Қайта-қайта (3-5 күн сайын) аутоанамнезді ойлана отырып оқып, оны толықтыру керек. Мұны өзіңе жақын адамдармен талқылап, бірге отырып сыни тұрғыда қарастырып, нақтылықтар енгізу маңызды. Аутоанамнезді жазудың өзі, кейбіреулерде ішімдікке деген құлқын жояды.

6. Мен Сіздің тәлімгеріңіз ретінде, алкогольдің зияны туралы ақиқат материалдарын беремін, оның ішінде басым бөлігі әдістің авторы Геннадий Андреевич Шичконың әңгімесінен үзінділер болады және өзімнің авторлық материалдарымды ұсынамын.

Сонымен қатар аутоанамнезді (анкетаны) және күнделікті (бастапқы уақытта – 5-10 күн) толтырып, маған электронды пошта арқылы немесе басқа жолмен жібересіз, сол арқылы сіздің алкоголь туралы жалған сенімдеріңізді түзету жоспарын құрамын және дұрыс көзқарасыңызды қалыптастыруға арналған ақпарат беремін.

7. Өз бетімен емделу әдісін қолдану туралы шешім қабылдағаннан бастап, күнделік жүргізуді қолға алу керек. Онда өзіңнің көңіл-күйің, ішімдікке деген көзқарасың, бұрынғы бөтелкелестермен кездесуің, өзіңнің шешімдерің, жоспарларың, ойларыңның өзгеруі, т.б. көрініс табуы керек. Күнделікті қайта-қайта оқып отыру қажет.

Күнделікті, жатар алдында толтырған дұрыс. Себебі, күндізгі шаруалар біткен соң, адамның санасы дем алуға дайындалады, ал бейсанасы сол кезде ашық болып тұрады, сол сәтті пайдаланып, алкоголь туралы жалған сенімдерді жойған дұрыс.

Бірінші 10 күн ішінде, күнделікті тәлімгерге жіберіп отыру қажет, ол ондағы өзгерістерді талдап, қажетті түзетулерді жіберіп отырады.

Күнделікті, бірінші айда күнде толтыру қажет, екінші айда күнара, үшінші айда екі күнде бір рет, төртінші айда аптасына екі рет, бесінші айда аптасына бір рет, алтыншы айда екі апта бір рет.

Күнделікті толтыруды бастағаннан кейін, санаңыздағы өзгерістерді байқайсыз.

Күнделік Сізді жеңіске жетелейді!